Материалы
Ақ бата-өмір бастауы
- Опубликовано 31.01.2020 18:37
Ұрпақ тәрбиесі қазіргі таңда ең маңызды мәселенің бірі болып отыр. Отбасында көненің көзін көрген, ғибратымен ақыл-кеңес беретін ата-әжелер азаюда. Қазақта ата-әжесінің тәрбиесін көрген бала басқаша болады, айналасының да көзқарасы оған ерекше-тұғын. Өйткені ауыл үлкендерінің жанында жүріп, олардың өнегелі әңгімесін тыңдап өскен баланың сана-сезімі басқалардан ерекше болып қалыптасады. Қазақ халқы әжелер мен аталарды таптырмас тәрбие мектебі деп те бекер айтпаған. Сондықтан да биылғы оқу жылында «Өзін-өзі тану» пәні мұғалімдері Дауенова Ғ.З және Смайлова А.С. жалпыадамзаттық құндылықтарды насихаттауға негізделген «Ғибрат» жобасын әзірледі. Бұл жобаның мақсаты осы уақытқа дейін де мектебіміздің маңызды іс-шараларында қадірлі қонақтары ретінде келіп, ақ баталарын беріп жүретін «Нұр-Аналар әлемі» қоғамдық бірлестігінің жасы үлкен апалары, ауданымыздың басқа да әжелері мен аталарының ғибратты өнегелері арқылы оқушыларды жалпы адамзаттық құндылықтар негізінде қалыптастыру және дамыту. Ал, қариялардың қатысуымен болатын іс-шаралардың міндеттері оқушылардың рухани-адамгершілік тұрғысынан кемелдену қасиеттерін қалыптастыру, қазақ халқының қанымен берілген-ұлттық кодының бірі-үлкенді сыйлау, оларға құрмет, олардың ақыл кеңестері арқылы өсіп-жетілу мәдениетін жандандыру, ұмыт бола бастаған, осы кезге дейін мәні жоғалмаған дәстүрлерді дәріптеуге баулу, ұрпақ сабақтастығын дамыту болып табылады. Осыған байланысты бірқатар іс-шараларды жоспарланды.
Сондай іс-шаралардың бірі мектебіміздің орта буын оқушылары және жас мамандардың қатысуымен өткізілген «Ақ бата-өмір бастауы» атты рухани кездесу кеші. Кештің мақсаты өскелең ұрпақты бата түрлерімен таныстырып, батаның маныздылығын түсіндіріп, өмірде бата айтудың қажеттілігін туғызу болды. Рухани кездесуге ауылымыздың батагөй қарияларының бірі Саттарова Күлжиян апа шақырылды. Сонымен қатар «Нұр-Аналар әлемі» қоғамдық бірлестігінің аналары атсалысты. Күлжиян апа көптеген бата түрлерін айтып, әрқайсысының мән-мағынасына тоқталды. Бата беру тәртібін де тілге тиек етті, өзінің отағасын да еске алып, оның да батагөй болғанын және осы күні айтып жүрген баталарын сол ақсалынан үйренгенін әңгемелеп берді. Сонымен қатар осы күні бата айтатын адамдардың азайып бара жатқандығына, әсіресе ер-азаматтардың бата айт десе тілек айтып кететіндіктеріне налып, ренішін білдірді. Кеш барысында балалар арасынан бата білетін балалар сахнаға шығарылып, оларға сыйлықтар ұсынылды. Балаларды ынталандыру мақсатында келе жатқан Наурыз мерекесінде бата беруден сайыс ұйымдастырылып, көлемді бата жаттаған балаларға «Нұр-Аналар әлемі» қоғамдық бірлестігінің аналары бағалы сыйлықтар тағайындайтындықтарын хабарлады. Тағылымы мен танымдығы мол кештің соңында мектептің домбыра сыныбының жетекшісі Байбулова Л.Н оқушыларымен бірге келген қонақтарға күй шертіп берді.
Смайлова Аймереке
Абай Құнанбаев атындағы ОЖББМ мұғалімі