Войти на сайт

 

Статистика сайта

Сегодня0
Вчера15
За неделю136
За месяц197
Всего60443

Поиск по сайту


<< < Наурыз 2024 > >>
Дс Сс Ср Бс Жм Сб Жс
        1 2 3
4 5 6 7 8 9 10
11 12 13 14 15 16 17
18 19 20 21 22 23 24
25 26 28 29 30 31

nauryz2024


 

 

 Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан халқына Жолдауы. 2019 жылғы 2 қыркүйек

 

Сындарлы қоғамдық диалог – Қазақстанның тұрақтылығы мен өркендеуінің негізі

nurlyzhole
 
 

Құрметті отандастар!

Құрметті депутаттар, үкімет мүшелері!

Баршаңызды жаңа парламенттік маусымның басталуымен  құттықтаймын!

Біз еліміздің жаңа тарихындағы маңызды белеске жақындап келеміз.

Отыз жылға жуық уақыт бұрын халқымыз өзінің Тәуелсіздігін жариялап, бабаларымыздың ғасырлар бойы аңсаған арманын орындады.

Осы уақыт ішінде Қазақстанның Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың басшылығымен еліміз әлемдегі беделді әрі орнықты мемлекетке айналды.

Баянды бірлігіміздің арқасында тәуелсіздігімізді нығайтып, халқымыздың жағдайын жақсартуға жол аштық.

Бұл жасампаздық пен ілгерілеу, бейбітшілік пен келісім кезеңі болды.

Еліміздің даму жолын бүкіл әлем мойындап, Қазақстандық, яғни  Назарбаев моделі деп атады.

Қазір бізге Тәуелсіздіктің жетістіктерін еселеп, елімізді дамудың жаңа сапалы кезеңіне шығару мүмкіндігі беріліп отыр.

Біз бұған Елбасы саясатының сабақтастығын сақтап, жүйелі реформалар жүргізу арқылы қол жеткізе аламыз.

Өздеріңізге белгілі, осының бәрі менің сайлау алдындағы бағдарламама негіз болды.

Қазір мемлекеттік органдар оны жүзеге асыру үшін тиісті жұмыстар жүргізуде.

Мен халыққа берген уәделерімді міндетті түрде орындаймын.

Біз өз жұмысымызда Елбасы ұсынған Бес институционалды реформа мен Ұлт Жоспарын толыққанды жүзеге асыру қажеттігін басты назарда ұстауымыз керек.  

Елбасымыздың бастамасымен құрылған Жаңғырту жөніндегі Ұлттық комиссияның жұмысын қайта жандандыру қажет.

Енді ортақ міндеттерімізді және сайлауалды бағдарламамды іске асыруға қатысты ой-пікірлеріме тоқталайын.

I. ЗАМАН ТАЛАБЫНА САЙ ТИІМДІ МЕМЛЕКЕТ.

Мен уәде еткен саяси жаңғыру үдерісі азаматтарымыз бен мемлекетіміздің мүдделеріне сәйкес, біртіндеп үздіксіз жүзеге асырылатын болады.

Негізсіз, жүйесіз саяси ырықтандыру елдің ішкі саяси ахуалының тұрақсыздығына, тіпті мемлекеттіліктен айырылуға әкеліп соғатынын әлем елдерінің тәжірибесінен көріп отырмыз.

Сондықтан біз саяси реформаларды «асығыстыққа салынбай», керісінше, кезең-кезеңімен, табанды түрде және жан-жақты ойластырып жүзеге асыратын боламыз.

Еліміздің қоғамдық-саяси өмірін жаңғыртпай, табысты экономикалық реформаларды іске асыру мүмкін емес. Бұл – біздің ұстанатын басты қағидатымыз.

«Күшті Президент – ықпалды Парламент – есеп беретін Үкімет».

Біз бұл мақсатқа әлі де жете қойған жоқпыз. Сондықтан осы бағыттағы жұмысқа бар күш-жігерімізді салуымыз қажет.  

Саяси жүйенің бұл формуласы мемлекет тұрақтылығының негізі саналады.

Азаматтардың барлық сындарлы өтініш-тілектерін жедел әрі тиімді қарастыратын «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасын іске асыру – бәрімізге ортақ міндет.

Билік пен қоғам арасында тұрақты диалог орнату арқылы ғана қазіргі геосаяси ахуалға бейімделген үйлесімді мемлекет қалыптастыруға болады.

Сондықтан азаматтық қоғамға қолдау көрсетіп, оның әлеуетін нығайта түсу керек. Сондай-ақ, аса маңызды жалпы мемлекеттік міндеттерді шешу үшін талқылау жұмыстарына азаматтық қоғамның мүмкіндіктерін кеңінен қолдану қажет.  

Осы мақсатпен біз белгілі қоғам өкілдерін қамтитын Ұлттық қоғамдық сенім кеңесін құрдық. Бұл кеңес ротациялық тәртіппен жұмыс істейді.

Алдағы уақытта бізге мынадай шараларды жүзеге асыру керек.

Бірінші. Партия құрылысы үдерісін жалғастыру.

Көшбасшымыз және партия Төрағасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың арқасында «Nur Otan» партиясы еліміздің жетекші саяси ұйымына жүктелетін күрделі әрі жауапты міндеттерді дәйекті түрде іске асырып келеді.

Біз қоғам игілігі үшін сындарлы саясат жүргізіп келе жатқан басқа да саяси партиялармен және қозғалыстармен ынтымақтастықта жұмыс істеуіміз қажет.

Қоғамды толғандырып отырған негізгі мәселелер көшеде емес, Парламентте және азаматтық диалог аясында талқыланып, шешімін табуы тиіс.

Депутаттар Үкіметке өзекті мәселелерге қатысты сауалдарын жолдап, нақты шаралар қабылдауды талап ете отырып, өздеріне берілген заңды құқықтарын пайдалануы қажет.

Заң шығарушы және атқарушы билік арасындағы қарым-қатынас жасанды тартысқа емес, іскерлік сипатқа, өзара құрметке негізделуі тиіс.

Мемлекет басшысы ретінде елімізде көппартиялықты, саяси бәсекелестікті және ой-пікірдің сан алуандығын дамытуға ықпал етуді өз міндетім деп санаймын.

Бұл саяси жүйе тұрақтылығының ұзақ болуы үшін маңызды.

Алдағы Парламент Мәжілісі мен мәслихаттар сайлауы еліміздегі көппартиялық жүйенің дамуына оң ықпал етуі тиіс.

Екінші. Халықпен тиімді кері байланыс орнату.

Қоғамдық диалог, ашықтық, адамдардың мұң-мұқтажына жедел назар аудару мемлекеттік органдар қызметінің негізгі басымдықтары саналады.

Президент Әкімшілігінде азаматтардан келіп түскен өтініштерді мемлекеттік органдардың сапалы қарауын қадағалап, жедел шаралар қабылдайтын бөлім құрылды.

Көп жағдайда азаматтарымыз орталық және жергілікті органдар басшыларының құлықсыздығы мен «бейқамдығына» байланысты Президентке жүгінуге мәжбүр болады.

Белгілі бір саладағы шешімдердің әділетсіздігіне қатысты жолданатын көптеген шағымдар нақты мемлекеттік органда немесе аймақта күрделі түйткілдер бар екенін көрсетеді. Енді бұл мәселеге дәл осы тұрғыдан қарап, тиісті шешімдер қабылдаған жөн.

Мемлекеттік қызметшілер жұмысының тиімділігін арттыру мақсатында арнайы дайындығы бар жас кадрларды тарту қажет. Сонымен бірге 2020 жылдан бастап біз мемлекеттік қызметшілердің санын біртіндеп қысқартуға кірісіп, үнемделген қаражатты неғұрлым пайдалы қызметкерлердіынталандыруға жұмсаймыз.

2024 жылға қарай мемлекеттік қызметшілердің және ұлттық компаниялар қызметкерлерінің санын 25 пайызға қысқарту қажет.

Үшінші. Митингтер туралы заңнаманы жетілдіру.

Конституцияға сәйкес азаматтарымыздың өз ойын еркін айтуға құқығы бар. 

Егер бейбіт акциялар заңның шеңберінен шықпайтын және азаматтарымыздың тыныштығын бұзбайтын болса, бұған түсіністікпен қарап, жиындарды өткізу үшін арнайы орын бөлу қажет. Мұндай орындар қаланың шетінде болмауы тиіс.

Алайда, заңға қайшы және бұзақылық әрекеттерге шақыратын үндеулерге заң шеңберінде тосқауыл қойылады.

Төртінші. Қоғамдық келісімді нығайту.

Әлеуметтік және этникалық топтар арасындағы келісім – бүкіл қоғамның бірлескен еңбегінің нәтижесі.

Осыған орай, саяси үрдістерді саралап, бірлігімізді нығайта түсу үшін нақты шаралар қабылдау керек.

Қазақ халқының мемлекет құраушы ұлт ретіндегі рөлін бекемдеп, этносаралық татулық пен дінаралық түсіністікті қалыптастыра беруіміз қажет.

Біздің ұстанымымыз: «Ел бірлігі – оның әралуандығында!».

Еліміздегі этникалық топтардың тілі мен мәдениетін дамытуға жағдай жасай береміз.

Қазақ тілінің мемлекеттік тіл ретіндегі рөлі күшейіп, ұлтаралық қатынас тіліне айналатын кезеңікеледі деп есептеймін.

Бірақ мұндай дәрежеге жету үшін бәріміз даңғаза жасамайжұмыла жұмыс жүргізуіміз керек.

Сондай-ақ, тіл үлкен саясаттың құралы екенін де ұмытпаған жөн.

Белсенді азаматтық қоғам құру үшін үкіметтік емес ұйымдардың беделін арттыру қажет деп санаймын.

Сондықтан, жақын арада Азаматтық қоғамды дамытудың 2025 жылға дейінгі тұжырымдамасынәзірлеп, қабылдауымыз керек.

Келер жылы аталып өтетін  маңызды мерейтойлар мен елеулі оқиғаларға дайындық жұмыстары басталды.

Ендігі жылы бәріміз
Әл-Фарабидің  1 150 жылдық, Абай Құнанбайұлының 175 жылдық мерейтойларын атап өтеміз.

Мерейтой барысында ысырапшылдыққа жол бермей, ғұлама тұлғаларымыздың еңбектерін халық арасында дәріптеуіміз керек.

Сондай-ақ, ең маңызды мерекеге –  Тәуелсіздіктің 30 жылдығына байланысты тиісті
іс-шараларды іске асыруымыз қажет.

Ел өміріндегі осындай елеулі оқиғалар жас ұрпақты нағыз отаншылдыққа тәрбиелеуге жол ашады деп сенемін.

II. АЗАМАТТАРДЫҢ ҚҰҚЫҚТАРЫ МЕН ҚАУІПСІЗДІГІН ҚАМТАМАСЫЗ ЕТУ.

Сот және құқық қорғау жүйесіндегі күрделі реформалар – азаматтарымыздың құқықтарын қорғаудың және олардың қауіпсіздігін күшейтудің негізгі факторы.

Сот шешімдерінің сапасын арттыру үшін бірқатар маңызды шараларды жүзеге асыру қажет.

Судьялардың заңды және ішкі сенімді басшылыққа алып, шешім шығару құқығы мызғымас сипатқа ие.

Дегенмен, сот шешімдерін мұқият талдау жұмысын жолға қойып, бірыңғай сот тәжірибесін орнықтыру қажет.

Азаматтарымыз жария-құқықтық дауларда билік органдарының шешімдері мен әрекеттеріне қатысты шағым түсіру кезінде көп жағдайда теңсіздік ахуалында қалып жатады.

Олардың мүмкіндіктерін мемлекеттік аппараттың ресурстарымен салыстыруға келмейді.

Сондықтан осындай теңсіздіктерді болдырмау мақсатында дауларды шешудің ерекше тетігі ретінде әкімшілік әділет құрылымын енгізу қажет.

Бұдан былай дауларды шешу барысында сот қосымша айғақтар жинау бастамасын көтеруге құқылы.

Аталған дәлелдемелерді жинақтау міндеті жеке азаматқа немесе бизнеске емес, мемлекеттік органға жүктелетін болады.

Заңнамадағы барлық қарама-қайшылықтар мен дүдәмал тұстар азаматтардың мүдделерін ескере отырып, түсіндірілуі тиіс.

Келесі бір маңызды мәселеге тоқталайын.  

Біз шамадан тыс қудалау шаралары мен сот төрелігінің қатаң жазалау тәжірибесінен бас тарттық. Алайда, елімізде ауыр қылмыстардың саны азаймай тұр.

Біз заңнамамызды ізгілендіру ісіне көбірек мән беріп, азаматтардың негізгі құқықтарын назардан тыс қалдырдық.  

Жыныстық зорлық-зомбылық, педофилия, есірткі тарату, адам саудасы, әйелдерге қатысты тұрмыстық зорлық-зомбылық және басқа да ауыр қылмыстарға, әсіресе, балаларға қатысты қылмыстарға қолданылатын жазаны шұғыл түрде қатайту қажет. Бұл мәселені шешуді Парламентке және Үкіметке тапсырамын.

Соңғы уақытта болған қайғылы оқиғалар ұйымдасқан қылмыстың тағы бір түрі – браконьерлік проблемасының бетпердесін ашты.

Бүгінде браконьерлер сақадай-сай жабдықталып, қаруланған және өздерінің жазалана қоймайтынына сенімді. Биылдың өзінде жануарлар әлемін қорғап жүрген екі инспектор браконьерлердің қолынан қаза тапты.

Жақында Шығыс Қазақстан облысындағы Марқакөл көлінде браконьерлердің қылмыстық тобы ұсталды.

Бұл тек бір ғана мысал, алайда браконьерліктің тамыры тереңге жайылған, соның ішінде бұл құқық қорғау органдарының салғырттығынан болып отыр. Браконьерлер ұлттық байлығымыз – табиғатымызға аяусыздықпен орны толмас зиян келтіруде.

Үкіметке екі ай ішінде тиісті заңнаманы қатайту үшін шұғыл шаралар қабылдауды тапсырамын.

Сыбайлас жемқорлықпен жан-жақты күресу мәселесі күн тәртібінен түскен жоқ.

Орталық және жергілікті органдардың нормативтік құқықтық актілеріне сыбайлас жемқорлыққа қарсы сараптама жүргізу  ісін қайта қалпына келтіру қажет.

Бұған сарапшылар мен қоғам өкілдері де атсалысуы тиіс.

Сыбайлас жемқорлыққа қатысты қылмыс жасалған мекеменің бірінші басшысының жауапкершілігінзаңнамалық және нормативтік тұрғыдан нақты белгілеу керек.

Сондай-ақ, заңсыз және арандатушылық әрекеттерге барғаны үшін сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл органдарының қызметкерлерін қатаң жазалау керек. Ондай қызметкерлерге тергеу саласында орын жоқ.   

Кінәсіздік презумпциясы қағидаты толық көлемде сақталуы тиіс.

Құқық қорғау жүйесін толық реформалау – аса маңызды міндеттердің бірі.

Полицияның мемлекеттік күштік құрылымындағы бейнесі бірте-бірте өзгеріп, қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін азаматтарға қызмет көрсететін органға айналады.

Ең алдымен, 2020 жылдың аяғына дейін Әкімшілік полиция комитетінің жұмысын қайта ұйымдастыру қажет. Мұны науқаншылдыққа айналдырмай, сапалы жүргізген жөн.

Полицейлер жұмысының тиімділігі полиция қызметінің беделді болуына байланысты.

Ішкі істер министрлігін реформалауға алдағы үш жыл ішінде 173 миллиард теңге бөлінеді.

Бұл қаражат еңбекақыны көбейтуге, баспананы жалға алуға, халыққа қызмет көрсету қағидаты бойынша полицияның заманауи фронт-офистерін ашуға жұмсалады.

Азаматтарды табиғи құбылыстар мен техногендік сипаттағы апаттардан қорғау мәселесіне баса мән беріледі.

Өкінішке қарай, мұндай апаттар біздің елімізде ғана емес, бүкіл әлемде жиілеп кетті.

Бұл салада кәсіби мамандар жұмыс істеуі керек.

Үкіметке азаматтық қорғаныс саласы қызметкерлерінің еңбекақысын Ішкі істер органдарын реформалау үшін берілетін қаражат есебінен көбейтуді және осы мақсатқа сәйкес шамамен 40 миллиард теңге бөлуді тапсырамын.

Біздің алдымызда жаңа тұжырымдама негізінде тегеурінді әскер қалыптастыру міндеті тұр.

Арыста болған оқиғалар Қарулы Күштерде түйткілді мәселелер қордаланып қалғанын көрсетті.

Әскерге жұмсалатын шығыстарды реттеп, осы саладағы қаржы жүйесін және жалпы тәртіпті нығайтатын кез келді.

Сонымен бірге әскери қызметтің беделін арттырып, Қарулы Күштердің материалдық базасын нығайту қажет.

Отанына адал, кәсіби тұрғыдан дайындалған офицерлері мен әскери қызметшілері бар армиямыз жаңа геосаяси жағдайларда ел қауіпсіздігіне қауіп төндіретін қатерлерге тойтарыс беруге дайын болуы керек.

III. ҚАРҚЫНДЫ ДАМЫҒАН ЖӘНЕ ИНКЛЮЗИВТІ ЭКОНОМИКА.

Қазақстан экономикасы жаһандық сипаттағы қиындықтарға қарамастан алға ілгерілеп келеді.

Жыл басынан бері оның өсімі орташа әлемдік көрсеткіштен жоғары болды.  

Егер қажетті құрылымдық өзгерістерді жүзеге асырсақ, 2025 жылға қарай ішкі жалпы өнімнің жыл сайынғы тұрақты өсімін 5 пайызға және одан да жоғары деңгейге жеткізуге болады.

Экономиканың дамуына тың серпін беру үшін Үкімет пен Президент Әкімшілігі отандық және шетелдік сарапшылардың барлық жұмыстарын мұқият саралауы қажет.   

Елбасы ұсынған 2050 жылға дейінгі ұзақ мерзімді даму стратегиясына және Ұлт Жоспарына сәйкес бірқатар құрылымдық міндеттерді іске асыруымыз керек.

Бірінші. Шикізатқа байланған менталитеттен бас тартып, экономиканы әртараптандыру.    

«Білім экономикасы», еңбек өнімділігін арттыру, инновацияны дамыту, жасанды интеллекті жаһандық дамудың негізгі факторларына айналды. 

Индустрияландырудың үшінші бесжылдығын жүргізу барысында жіберілген барлық қателіктерді, олқылықтарды ескеруіміз керек.

Бұл мәселелер бойынша менің барлық тапсырмаларымды, ескертпелерімді Үкімет толық орындауғаміндетті.

Еңбек өнімділігінің нақты өсімін кем дегенде 1,7 есеге арттыруымыз керек.

Елімізді өңірдегі көшбасшы ретінде танытып, Орталық Азиядағы беделімізді арттыру – стратегиялық міндет.

Бұл – Елбасы айқындаған саяси бағыт-бағдарымыз.

Екінші. Квазимемлекеттік сектордың қайтарымын арттыру.

Біздің мемлекеттік компаниялар ірі конгломераттарға айналды. Бірақ олардың халықаралық бәсекеге қабілеттілігі күмән тудырады.

Мемлекеттің экономикаға орынсыз араласуын азайту мақсатымен квазимемлекеттік компаниялар құруға мораторий енгізу жөнінде шешім қабылдадым. 

Біз Ұлттық әл-ауқат қоры құрылған 14 жыл ішінде халықтың әл-ауқатын арттыруға Қордың нақты қандай үлес қосқанын білуіміз керек.

Үкімет Есеп комитетімен бірлесіп, үш айдың ішінде мемлекеттік холдингтер мен ұлттық компаниялардың тиімділігін анықтау үшін талдау жүргізуі тиіс.

Квазимемлекеттік компаниялар көп жағдайда өзара бәсекеге түседі.

Тұрғын үй саясаты саласында бір мезетте 7 мемлекеттік оператор жұмыс істейді. Бұл тек орталық деңгейдегі ахуал! 

Мемлекеттік компаниялардың санын қысқартуға болады және солай ету керек.

Бірақ, стратегиялық секторларда жұмыс істейтін мемлекеттік компаниялардың қызметіне мұқият болған жөн.

Ондай компаниялар мемлекет бақылауында болуы тиіс.

Әйтпесе, мемлекеттік монополистердің орнына жеке монополистер пайда болып, соның салдарынан зардап шегуіміз мүмкін.  

Үкімет баға белгілеу және тарифтер мәселесімен жүйелі әрі нақты айналысуы керек.

Бұл табиғи монополистердің тауарларына да, көрсететін қызметтеріне де қатысты.

Елімізде азық-түлік пен киім-кешектен бастап, түрлі қызметтерге дейін бағаның жоғары екені жасырын емес.   

Мысалы, сұранысы жоғары бағдарлар бойынша негізгі әуе тасымалдаушы белгілейтін билеттердің құны неге сонша қымбат?! Оның бағасы Еуропаға қарағанда 30 пайызға артық. Біздің әуежайда көрсетілетін қызметтер құнының салыстырмалы түрде жоғары болуын қалай түсіндіруге болады?

Қазақстан әуежайларында жанармай шетелдік тасымалдаушылар үшін қымбат бағаға, ал отандық тасымалдаушыларға арзанға сатылатыны неліктен?

Соның салдарынан Қазақстанның авиация саласы халықаралық бәсекеге қабілеттілігінен айырылып, транзиттік әлеуетіміз төмендеп кетті.

Тиісті министрлік пен ведомстволардың салғырттығына байланысты темір жол билеттерінің тапшылығы қолдан жасалып отыр.

Бұл салаларда тез арада тәртіп орнату керек.  

Біздің мақсатымыз – мемлекеттің тұрақтандырушы рөлін сақтай отырып, нарықтық институттар мен құрылымдардың толыққанды дамуын қамтамасыз ету.  

Осы ретте, «қарапайым заттар экономикасын» естен шығармаған жөн. Бұл – біздің жұмысымыздың басым бағыты.

 Үшінші. Тиімді шағын және орта бизнес – қала мен ауылды дамытудың берік негізі.

Шағын, әсіресе, микробизнес еліміздің әлеуметтік-экономикалық және саяси өмірінде маңызды рөл атқарады.

Атап айтқанда, ең алдымен, ауыл тұрғындарына тұрақты жұмыс береді, жұмыссыздықты азайтады. Сонымен қатар, салық базасын құрап, жергілікті бюджетті нығайтады.

Сондай-ақ, жаппай кәсіпкерлікті дамыту санаға сіңген патерналистік пиғыл мен масылдықтанарылуға мүмкіндік береді.

Сондықтан мемлекет алдағы уақытта да бизнеске қолдау көрсете береді.

Бұл мақсатқа Ұлттық қордан 100 миллиард теңгеге жуық қаржы бөлінді.

Бірақ сарапшылардың пікірінше, қаржылай қолдаудың игілігін жергілікті билікпен байланысы баршаруашылықтар ғана көріп отыр. 

Шын мәнісінде, жаңа жобалар бойынша компаниялар құрылып, жұмыс орындары ашылуы керек еді.

Бұл «қарапайым заттардың экономикасына» тікелей байланысты.

Бірақ, жергілікті әкімдер ұйымдастыру жұмыстарын талапқа сай орындамаған.

Соның салдарынан салық және зейнетақы төлемдерін арттырып, жергілікті бюджетті нығайтуға жағдай жасалып отырған жоқ.

Осыған орай, Есеп комитетіне және Қаржы министрлігіне қаражаттың жұмсалуын қатаң бақылауға алуды тапсырамын.

Елімізде кәсіпкерлікті дамытудың үлгі боларлық мысалдары жеткілікті. Біз шағын кәсіпкерлікті бүкіл қоғам болып қолдауымыз керек.

Үкіметке микро және шағын бизнес саласындағы компанияларды табысқа салынатын салықтан үш жылға босату үшін заңнамалық база әзірлеуді тапсырамын.

Заңнамаға енгізілетін тиісті түзетулер 2020 жылдан бастап күшіне енуі керек.

2020 жылғы қаңтардан бастап, микро және шағын бизнес субъектілеріне тексеріс жүргізуге үш жылға тыйым салу туралы шешімім күшіне енеді.

Біз бизнестің адал әрі заңға сәйкес жүргізілетініне сенеміз. Бизнес өкілдері тұтынушылар мен азаматтар алдында жауапты болуы тиіс.

Мораторий кезеңінде өзін-өзі реттеу, қоғамдық бақылау тетіктерін жандандыру керек.

Бизнес өкілдері санитарлық-эпидемиологиялық саладағы нормалар мен ережелерді бұзатын болса, ондай компаниялар жабылып, иелері жауапкершілікке тартылады.

Осылайша, шағын бизнеске түсетін ауыртпалықты азайтамыз.

Сонымен қатар бизнес өкілдері құқық қорғау және тексеруші органдардың іс-әрекетіне байланысты көптеген қиындыққа тап болуда. 

Шағын және орта бизнеске қатысты рейдерлік әрекеттер жиілеп кетті.   

Бұл мәселе жөніндегі ұстанымым  белгілі: бизнестің, әсіресе шағын және орта бизнестің дамуына кедергі келтіретін әрекеттер мемлекетке қарсы қылмыс деп танылуы тиіс.

Осыған орай заңнамалық сипаты бар қосымша шаралар қабылдау қажет. Парламент пен Үкімет осы мәселені шешу жолдарын ұсынуы керек.

Сонымен қатар көлеңкелі экономикаға қарсы іс-қимылды күшейтіп, капиталды сыртқа шығаруға, салық төлеуден жалтаруға қарсы күресті жандандыру қажет. 

Шағын және орта бизнеске мемлекет тарапынан қаржылай қолдау көрсету жүйесін жаңа жобаларғабасымдық бере отырып, қайта құру қажет.

Үкіметке «Бизнестің жаңа жол картасы»  аясында осы мақсатқа сәйкес алдағы үш жыл ішінде қосымша 250 миллиард теңге бөлуді тапсырамын.   

Әлеуметтік бағыттарға – отбасы бизнесін құруға, ең алдымен, көп балалы және жағдайы төмен отбасыларға баса мән бере отырып, бизнеске қолдау көрсетудің жаңа тәсілдерін енгізу керек.

Туризмді, әсіресе экотуризм мен этнотуризмді дамытуға экономиканың маңызды саласы ретінде баса мән беру қажет.  

Алтын Орданың 750 жылдығын төл тарихымызға, мәдениетіміз бен табиғатымызға туристер назарын аудару тұрғысынан атап өткен жөн.

Туризмді дамыту үшін қажетті инфрақұрылым жүргізуді, соның ішінде жол салып, білікті мамандар дайындауды қамтамасыз ету қажет. 

Төртінші. Ұлттық бизнеске халықаралық нарықтарда қолдау көрсету. 

Өз өнімін экспортқа шығаратын компанияларға мемлекеттік қолдау көрсетудің тиімділігін барынша арттыру керек.

Мен, ең алдымен, орта бизнес туралы айтып отырмын

Бізде кәсіпкерлердің осы тобына арналған нақты мемлекеттік қолдау шаралары жоқ. Бұл, әсіресе, өнімді сату ісіне қатысты.

Үкіметке мемлекеттік индустриялық-инновациялық даму бағдарламасы аясында өнімділігі жоғары орта бизнеске қолдау көрсетудің кешенді шараларын әзірлеуді тапсырамын. Соның ішінде салықтық, қаржылық, әкімшілік ынталандыру мәселелері көзделуі тиіс.

Шетелден тікелей инвестиция тарту жұмыстарын барынша жандандыру қажет. Онсыз алдағы уақытта экономикалық өсім резерві шектеулі болады. Бұл – атқарушы билік басымдық беруі тиіс міндеттердің бірі.

Қазақстанның 2025 жылға дейінгі стратегиялық даму жоспары аясында әрбір сала мен өңір үшін нақты мақсатты көрсеткіштер белгіленген.  

Мемлекеттік органдар, әсіресе, өңір әкімдері сол көрсеткіштерге қол жеткізуге тікелей жауапты болады.

Қазақстан цифрлық экономиканы дамытуды көздеп отыр. 

Осыған орай көп жұмыс атқаруымыз керек.

Біздің міндетіміз – ақпараттық коммуникациялық инфрақұрылымның даму деңгейі бойынша өңірдегі көшбасшылықты нығайту.

Үкімет заңнаманы 5G, «Ақылды қалалар», «Үлкен деректер», блокчейн, цифрлық активтер, жаңа цифрлық қаржы құралдары сияқты тың технологиялық құбылыстарға бейімдеу қажет.

Қазақстан технологиялық серіктестік орнату, мәлімет орталықтарын құру және орналастыру, мәліметтер транзитін дамыту, цифрлық қызметтердің жаһандық нарығына қатысу үшін ашық юрисдикция ретінде өзіндік брендке айналуы тиіс.

Үкімет «Астана» халықаралық қаржы орталығының қызметіне қолдау көрсете беруі керек. Бұл құрылым, шын мәнінде, конституциялық мәртебеге ие болды. Халықаралық қаржы орталығының Назарбаев Университетімен бірлесіп, заманауи цифрлық технологияларды дамыту алаңы айналуына толық мүмкіндігі бар.

БесіншіДамыған агроөнеркәсіп кешені.

Ауыл шаруашылығы – біздің негізгі ресурсымыз, бірақ оның әлеуеті толық пайдаланылмай отыр.

Ел ішінде ғана емес, шетелде де сұранысқа ие органикалық және экологиялық таза өнім өндіру үшін зор мүмкіндіктер бар.  

Біз суармалы жер көлемін кезең-кезеңмен 2030 жылға қарай 3 миллион гектарға дейін ұлғайтуымыз керек.  

Бұл ауыл шаруашылығы өнімінің көлемін 4,5 есе арттыруға мүмкіндік береді. 

Сауда және интеграция, ауыл шаруашылығы министрліктері фермерлерге өз өнімін сыртқа шығарып сату үшін барынша қолдау көрсетуі тиіс.

Осыған орай Үкіметке тиісті тапсырма берілді. Бұл – маңызды міндет.

Ауыл шаруашылығы өнімін экспорттау ісінде шикізатқа негізделуден бас тарту керек.

Өнім өңдейтін кәсіпорындар әлеуетінің 40 пайызы ғана пайдаланылып отырғанына қарамастан, оның көлемі 70 пайызға жетті.

Ауыл шаруашылығына шетелден инвесторлар тарту – маңызды міндет. Келіссөздер жүргізіліп жатыр. Үкімет нақты нәтижеге қол жеткізуі керек.    

Жұртшылықты толғандырып жүрген жер мәселесіне арнайы тоқталғым келеді.

Мемлекет басшысы ретінде тағы да мәлімдеймін: жеріміз шетелдіктерге сатылмайды. Оған  жол берілмейді.

Бұл мәселе бойынша қауесет таратуды доғару керек. Бірақ жерді тиімді пайдалануды қамтамасыз ету – біздің міндетіміз.

Жер ресурстарын тиімсіз пайдалану мәселесі өте өзекті болып отыр.

Жерге салынатын тікелей салықтар деңгейінің төмендігі жағдайды күрделендіре түсті.

Мемлекеттен жерді тегін жалға алу құқығына ие болғандардың көпшілігі жерді игермей, босқа ұстап отыр.

Елімізде «шөп қорыған иттің» кебін киген «латифундистер» көбейіп кетті.

Пайдаланылмай жатқан ауыл шаруашылығы жерлерін қайтарып алатын кез келді. Жер – біздің ортақ байлығымыз және оны кім игерсе, соған тиесілі болуы тиіс.

Үкімет пен Парламент осы түйткілді реттеудің тиімді жолдарын ұсынуы керек.

Бұл – өте маңызды мәселе. Мұны шешпей, отандық агроөнеркәсіп кешенінің сапалы дамуы мүмкін емес.

Бүгінде ет өндірісін ұлғайту мәселесі аналық мал басының проблемасына тіреліп тұрған жоқ, керісінше фермерлерге жем-шөп дайындайтын жерлердің жетіспеушілігіне байланысты болып отыр.

Жем-шөппен қамтамасыз ету көрсеткіші 60 пайыздан төмен.

Ауыл тұрмысының сапалы болуын қамтамасыз етпей, ауыл шаруашылығының өнімділігін арттыру мүмкін емес.

Біз Елбасының «Ауыл – Ел Бесігі» арнайы жобасын жүзеге асыруды жалғастырамыз.

Біз шағын елді мекендерді дамытуға қатысты өте күрделі мәселені шешуіміз қажет.

Өңірлік стандарттар әзірленді. Енді оларды үш мыңнан астам негізгі және қанаттас ауылдық елді мекендерге енгізу қажет.

Үкіметке «Ауыл – Ел Бесігі» жобасын жүзеге асыру үшін биыл бөлінген 30 миллиард теңгеге қосымшаалдағы үш жыл ішінде 90 миллиард теңге бөлуді тапсырамын.   

Бұл қаражат көлік, ауыз су және газбен қамтамасыз ету сияқты инфрақұрылымдық мәселелерді шешумен қатар, мектеп, аурухана, спорт алаңдарын салуға және жөндеуге жұмсалады.

Қаржының жұмсалуы барлық мемлекеттік органдардың қатаң бақылауында болуы тиіс.

Алтыншы. Әділетті салық салу жүйесі және тиімді қаржылық реттеу.

Жалпы ішкі өнім мен халық табысының артуына қарамастан, қоғамдағы мүліктік жіктелу үдерісі сақталып отыр, тіпті күшейіп барады.

Бұл – алаңдатарлық фактор. Сондықтан оған ерекше назар аудару керек.   

Ұлттық табыстың әділ бөлінуіне баса мән бере отырып, салық жүйесін жаңғырту қажет деп санаймын.

Үкімет әлеуметтік төлемдер көлемінің артып келе жатқанына да назар аударуы тиіс.

Бір жағынан, бұл алымдар әлеуметтік және зейнетақы жүйесінің тұрақтылығын қамтамасыз етеді. Бірақ, жұмыс берушілер жұмыс орындарын ашуға және еңбекақыны артыруға мүдделі болмай қала ма деген қауіп бар.

Көлеңкелі бизнес белең алады.

Сондықтан Үкіметке 5 пайыздық қосымша зейнетақы төлемін енгізу мәселесін 2023 жылға дейіншегеруді тапсырамын. Кейін бұл мәселеге қайта ораламыз.  

Осы уақыт ішінде Үкімет, бизнес өкілдері мен сарапшылар мәселені шешудің жолдарын қарастырып, болашақ зейнеткерлердің де, жұмыс берушілердің де мүдделерін ескере отырып, ортақ шешімге келуі тиіс.

Үкімет Салық кодексінде қарастырылмаған барлық төлемдерге тыйым салуы қажет. Бұл, шын мәнісінде, қосымша салықтар.

Қазіргі салық жүйесінің сапасын арттыру – өз алдына бөлек мәселе.

Мұндай жағдай компанияларды өз инвестициясын адами капиталға, еңбек өнімділігін арттыруға, техникалық тұрғыдан қайта жабдықтауға, экспортқа салуға ынталандыруы тиіс.

Қолма-қол ақшасыз төлеу жүйесін жаппай енгізу керек. Бұл үшін тежеуші фактордың бірі саналатын банктердің жоғары үстеме алымын жою қажет. Сондай-ақ, тиісті реттеу ережелеріне сәйкес банктік емес төлем жүйесін белсенді дамыту керек. Бұл сегмент қарапайым әрі тартымды болғанымен, ақша жымқырудың және елімізден капитал шығарудың көзіне айналмауы тиіс.

Ұлттық банк осы салаға нақты бақылау орнатуы қажет.

Келесі мәселе. Шикізаттық емес өнімнің экспортына қолдау көрсету үшін қосымша құн салығын қайтарудың қарапайым әрі жылдам тәртібін қолдану мәселесін қарастыру керек.

Экономикамыздың өте түйткілді мәселелерінің бірі – кредит беру көлемінің жеткіліксіздігі. Соңғы бес жыл ішінде заңды тұлғаларға, сондай-ақ шағын және орта бизнеске берілген кредиттің жалпы көлемі 13 пайыздан аса қысқарған.

Екінші деңгейдегі банктер қарыз алушылар ішінде сенімділерінің аз екенін сылтауратып, кредит қаражатының құнын шамадан тыс арттырып жібереді.

Әрине, қарыз алушылардың сапасына қатысты мәселе бар. Бірақ, жауапкершілікті басқаға артып, тек қана жеңілдің астымен жүруге болмайды.

Мен бұл мәселеге қатысты Үкімет пен Ұлттық банк үйлесімді әрі тиімді жұмыс жүргізеді деп ойлаймын.

Тағы бір мәселе – халықтың, әсіресе әлеуметтік тұрғыдан әлсіз топтардың тым көп несие алуы. Мұның өзі шұғыл шаралар қабылдауға алып келді. Сіздер бұл жөнінде білесіздер.

Бұл мәселе әлеуметтік және саяси түйткілдерге ұласты.

Сондықтан, Үкімет пен Ұлттық банкке екі ай ішінде мұндай жағдайдың қайталанбауына кепілдік беретін тетіктерді енгізу үшін дайындық жүргізуді тапсырамын.

Ақша-кредит саясаты тиімділігінің жеткіліксіздігі еліміздің экономикалық дамуын тежейтін себептіңбірі болып отыр.

Екінші деңгейдегі банктердің бизнеске кредит беру ісінің қолайлы әрі ұзақ мерзімді болуын қамтамасыз ету керек.

Жыл соңына дейін Ұлттық банк екінші деңгейдегі банктердің активтерінің сапасына тәуелсіз бағалау жүргізу жұмысын аяқтауы қажет.

Жетінші. Ұлттық қорды тиімді пайдалану мәселесі.

Ұлттық қор қаражатының ағымдағы мәселелерді шешуге жұмсалуын қысқарту қажет.   

Бұл – келешек ұрпақтың қаржысы.

Ұлттық қордың трансферттері бәсекеге қабілетті экономиканы қалыптастыруға бағытталған бағдарламаларды және жобаларды жүзеге асыру үшін ғана бөлінуі керек.

Кепілдендірілген трансферт көлемі 2022 жылдан бастап бірте-бірте 2 триллион теңгеге дейін азаюы тиіс. 

Қор қаржысын пайдаланудың анағұрлым тиімді инвестициялық саясатын жүргізген жөн.

Үкіметке Ұлттық Банкпен бірлесіп, жыл соңына дейін Ұлттық қордың қаржысына иелік етуді жетілдіру үшін нақты ұсыныстар әзірлеуді тапсырамын.

Сегізінші. Еңбекақы төлеу деңгейін арттыру.

Кен өндіру саласындағы ірі кәсіпорындардың табысы артқанмен азаматтарымыздың жалақысыайтарлықтай өспегенін көріп отырмыз. 

Халықтың әлеуметтік жағдайы туралы айтылып отырғандықтан, Үкімет бұл мәселеде табандылық танытуы керек.

Үкіметке еңбекақы төлеу қорын арттыру үшін жұмыс берушілерді ынталандыру мәселесін пысықтауды тапсырамын. 

ІV. ӘЛЕУМЕТТІК ЖАҢҒЫРУДЫҢ ЖАҢА КЕЗЕҢІ.

Еліміздің бюджеті екі негізгі мақсатқа бағытталуы тиіс – экономиканы дамыту және әлеуметтік мәселелерді шешу.

Әлеуметтік салада мынадай бағыттарға баса мән беру керек.

Бірінші. Білім беру сапасын жақсарту.

Біздің елімізде еңбек ресурстарының балансын  есепке алудың тиімді әдістемесі әлі күнге дейін әзірленген жоқ.

Шын мәнінде, мамандар даярлаудың отандық жүйесі нақты еңбек нарығынан тыс қалған.

Жыл сайын 21 мыңға жуық мектеп түлегі кәсіби және жоғары оқу орындарына түсе алмай қалады.

Жастардың бұл тобы жұмыссыздар мен маргиналдардың негізін құрайды. Олар амалының жоқтығынан қылмыстық және экстремистік ағымдардың ықпалына түсуде.

Біз оқушылардың қабілетін айқындап,  кәсіби бағыт-бағдар беру саясатына көшуіміз қажет.

Бұл саясат орта білім берудің ұлттық стандартының негізі болуы тиіс.

Экономикамызда техника саласының мамандарына сұраныс өте жоғары, бірақ мүмкіндіктер аз. Кәсіпорындар тиісті мамандарды шетелден шақыруға мәжбүр. Осындай келеңсіз жағдайды жедел түзетуіміз керек.

Қала мен ауыл мектептері арасындағы орта білім сапасы алшақтап барады.

Негізгі мәселе – ауылдық жерлердегі білікті педагог кадрлардың тапшылығы. 

Сондықтан, «Дипломмен – ауылға» бағдарламасының аясын кеңейтіп, жұмысты жаңа деңгейде жалғастыруымыз қажет. Үкіметке келесі жылдан бастап осы бағдарламаны қаржыландыруды
20 миллиард теңгеге жеткізуді тапсырамын.

Дарынды ауыл жастарын іріктеп, отандық және шетелдік жоғары оқу орындарына дайындау керек.

Аз қамтылған және көп балалы отбасыларды қолдау үшін Үкіметке Дарынды баланың қабілетін дамытудың жол картасын әзірлеуді тапсырамын.

Үкімет пен әкімдер осындай балалардың үйірмелер мен орталықтарға, жазғы лагерьлерге баруы үшін мүмкіндік жасауы керек. 

Енді жоғары білімнің сапасына жеке тоқталғым келеді.

Өз түлектерін жұмыспен қамту жағынан еліміздегі жоғары оқу орындарының жартысы ғана 60 пайыздық деңгейге қол жеткізіп отыр.

Сондықтан олардың санын қысқарту мәселесін қарау керек.

Терең білім берудің орнына диплом сатумен айналысқан университеттеріміз бар екені де жасырын емес.

Бірінші кезекте соларға тыйым салу арқылы біз оқу орындарындағы білім беру сапасын арттыруға күш саламыз.

Білім саласына қатысты тағы бір мәселе – қаржыландырудың біркелкі болмауы және өңірлік басқарудың қазіргі жүйесінің тиімсіздігі.        

Білім бөлімдерін басқару және бюджет қаржысын әкімшілендіру функцияларын аудандық деңгейден облыстық деңгейге беру керек.   

Білім берудің барлық деңгейінде дербес қаржыландыру тәртібін енгізу қажет.

Тағы бір өзекті мәселе. Бұл – оқулық сапасының төмендігі.

Оқушыларды сапалы оқулықтармен қамтамасыз ету ­– тиісті министрліктің тікелей міндеті.

Мұғалімдер мен оқытушылардың әлеуметтік жағдайын жақсартпасақ, бұл шаралар жүзеге аса қоймайды. 

Сондықтан, мен Тамыз конференциясында алдағы төрт жыл ішінде мұғалімдердің еңбек ақысын екі есе арттыруды тапсырдым. Бұл – келесі жылдан бастап ұстаздардың жалақысы 25 пайызға өседі деген сөз.

Ғылым саласындағы ахуал ерекше назар аударуды талап етеді. Біз ғылымсыз еліміздің дамуын қамтамасыз ете алмаймыз.

Отандық ғылым жүйесі қаншалықты сапалы әрі тиімді? Бұл  – басқа мәселе.

Үкімет аталған мәселені ғылыми зерттеулердің деңгейін көтеру және оларды тәжірибеде қолдану тұрғысынан қарастырғаны жөн.

Екінші. Отбасы және бала институтын қолдау, инклюзивті қоғам құру.

Бала құқығын қорғау және тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы іс-қимыл мәселесіне басымдық беруіміз қажет.

Жасөспірімдер арасында көбейіп кеткен суицид мәселесімен мақсатты түрде айналысу керек.

Біз зорлық-зомбылықтан зардап шеккен балалар мен олардың отбасын қорғау жөнінде толыққанды бағдарлама әзірлеуіміз қажет.

Қамқорлығында мүмкіндігі шектеулі балалары бар отбасыларға ерекше көңіл бөлінуі тиіс. Тек ресми статистика бойынша 80 мыңнан астам бала мүгедектігіне байланысты есепте тұр.

Үкімет БЦП диагнозы бар балаларға медициналық және әлеуметтік қолдау көрсетуді жақсарту үшін шаралар қабылдауы керек.

Балаларға қолжетімді болуы үшін шағын және орташа оңалту орталықтарының желісін кеңейту қажет.

Біз ерекше қажеттіліктері бар адамдар үшін бірдей мүмкіндік жасауға міндеттіміз.

Мен бұл туралы өзімнің сайлау алдындағы бағдарламамда айттым. Үкіметке енді осы мақсатқа үш жыл ішінде кем дегенде 58 миллиард теңге бөлуді тапсырамын.

Халықтың денсаулығын жақсарту мәселесі айрықша назар аударуды талап етеді.

Барлық жастағы ел азаматтары арасында бұқаралық спортты дамыту маңызды.

Спорт инфрақұрылымының балалар үшін барынша қолжетімді болуын қамтамасыз ету керек.

Бұқаралық дене шынықтыруды өркендету ісі жаңа чемпиондар шыңына шығатын пирамидаға айналуы тиіс. Бұл салауатты әрі белсенді жастардың, түптеп келгенде, қуатты ұлттың негізін қалыптастарды.

Осы бағдарды заңнамалық тұрғыдан қамтамасыз ету, сондай-ақ Бұқаралық спортты дамыту жөніндегі кешенді жоспар қабылдау қажет.  

2020 жыл «Волонтер жылы» деп жарияланды. Еріктілер қызметіне азаматтардың, әсіресе жастардың, студенттер мен оқушылардың қатысу аясын кеңейту, олардың бойында белсенді өмірлік ұстанымдарға қатысты дағды қалыптастыру – маңызды міндет.

Бұл – азаматтық қоғамды нығайту жөніндегі жұмысымыздың маңызды құрамдас бөлігі.

Үшінші. Медициналық қызмет көрсетудің сапасы мен қолжетімділігін қамтамасыз ету.

Бұл жерде халықтың денсаулығына байланысты, әсіресе, ана мен сәби өліміне қатыстыкөрсеткіштердің өңірлік теңгерімсіздігі айқын көрінеді.

Дегенмен, бұл көрсеткіш төмендеп келеді. Бірақ әлі де жоғары, сондай-ақ  дамыған елдердің деңгейінен айтарлықтай көп.

Үкімет әр өңір бойынша медицинадағы нақты дерттер топтамасы жөнінде басымдықтар тізімін жасап, соның негізінде бюджеттен қаржы бөлуі қажет.  

2020 жылғы 1 қаңтардан бастап Қазақстанда міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі іске қосылады.

Әрқайсысыңызға мына нәрсені айтқым келеді: мемлекет тегін медициналық көмектің кепілдендірілген көлемін сақтайды. Оны қаржыландыруға алдағы үш жыл ішінде 2,8 триллионнан астам теңге бөлінеді.

Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандырудың жүзеге асырылуы медициналық қызмет көрсетудің сапасы мен қолжетімділігін жақсартуға бағытталған.

Үшжылдық бюджет аясында денсаулық сақтау жүйесін дамытуға қосымша 2,3 триллионнан астам теңге бөлінеді.

Үкімет әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесінің беделіне тағы да нұқсан келтірмеу үшін оны жүзеге асыру мәселесіне зор жауапкершілікпен қарауы қажет.

Біздің қателесуге құқымыз жоқ.

ТөртіншіМәдениет қызметкерлерін қолдау.

Біз мәдениет саласында жұмыс істейтін азаматтарға жеткілікті түрде көңіл бөлмей отырмыз.

Бұл – ең алдымен, кітапхана, музей, театр қызметкерлеріне қатысты мәселе.

Олардың еңбекақысы соңғы жылдары мүлде көбейген жоқ.

Соның салдарынан мәдениет қызметкерлері, әсіресе жас мамандар жеңілдігі бар тұрғын үй бағдарламаларына қатыса алмайды.

Мұндай ахуал осы кәсіптің беделін түсіріп, лайықты кадрлардың тапшылығы айқын сезілуде.

Келесі жылдан бастап Үкімет мәдениет қызметкерлерінің еңбекақысын көбейтуі тиіс.

Сондай-ақ, білім беру және денсаулық сақтау салаларындағы міндетті әлеуметтік жеңілдіктер мәдениет саласының өкілдеріне де берілуі керек.

Бесінші. Әлеуметтік көмек көрсету жүйесін одан әрі дамыту.

Мемлекет мұқтаж жандарға көмек көрсету үшін барлық қажетті шараларды қабылдауда.

Алайда, бірқатар шешімдер жан-жақты сарапталмай қабылданды. 

Нәтижесінде бұл патерналистік пиғылдың айтарлықтай артуына әкеп соқтырды. Соңғы 5 жылда Қазақстанда атаулы әлеуметтік көмек алатындар саны 77 мыңнан 1,4 миллионнан астам адамғаартқан.

Әлеуметтік көмекке бюджеттен бөлінетін қаражат көлемі 2017 жылдан бері 17 есе көбейді және одан да арта түсті.

Басқаша айтқанда, жұмыс істегісі келмейтін адамдар немесе әлеуметтік көмек алу үшін өздерінің табысын жасыратындар көбейді. Жағдайы бар отбасылардың әлеуметтік көмек алатыны туралы деректер бұған дейін бұқаралық ақпарат құралдарында жарияланған болатын.

Тағы да атап өтемін. Конституция бойынша біздің еліміз – әлеуметтік мемлекет. Сондықтан мемлекетіміз азаматтар алдындағы міндеттерін орындауы тиіс.

Үкімет өз жұмысында осы қағидатты басшылыққа алуға міндетті. Ал, резервтерді тиімсіз шығындарды азайту және табысты арттыру есебінен қалыптастыру қажет.

Мұндай резервтердің бар екені сөзсіз. Қаржы министрлігі табысты арттыру үшін жұмыс жүргізуде. Алайда, қосымша күш жұмсау керек. Мәселен, кеден ісіне қатысты.

Елбасы «Nur Otan» партиясы Саяси кеңесінің отырысында мемлекеттік сатып алулар үдерісін ретке келтіру мәселесіне ерекше мән берді. Қаржы министрлігі мемлекеттік сатып алуды оңтайландырумен айналысып жатыр, бірақ заңнамалық сипаттағы шаралар қажет.

Мемлекеттік сатып алудың әлеуеті зор (кейбір есептеулер бойынша, жылына 400 миллиард теңгеге дейін жетеді). Бұл қаржыны өзекті әлеуметтік мәселелерді шешуге жұмсауға болады.

2018 жылы мемлекеттік сатып алу көлемі 4,4 триллион теңгені құрады, соның 3,3 триллион теңгесінемесе 75 пайызы бәсекеден тыс тәсілмен бір көзден алу арқылы жұмсалған.  

Шенеуніктер мен түрлі делдалдарды пайдаға кенелтіп отырған бұл табыс көзін жабатын кез келді.

Атаулы әлеуметтік көмекке қайта оралайық. Үкімет оны бөлу тәртібін реттеуі керек. Бұл жүйе ашық әрі әділетті болып, адамдарды бейқамдыққа емес, еңбек етуге ынталандыруы тиіс. Көмек, негізінен, жұмыс істейтіндерге берілуі тиіс.

Сонымен бірге, аз қамтылған отбасылардың балаларына қамқорлық көрсету керек. Олар үшін кепілдендірілген әлеуметтік көмекті енгізу қажет. Бұл дегеніміз – мектеп жасына дейінгі балаларға үнемі қолдау көрсету, барлық оқушыға тегін ыстық тамақ беру, оларды оқу құралдарымен және мектеп формасымен қамтамасыз ету, медициналық, соның ішінде стоматологиялық көмек алу және қоғамдық көліктерде жүру шығындарын өтеу.

Осыған қатысты шешімдердің барлығы 2020 жылғы 1 қаңтардан бастап күшіне енуі тиіс.

Үкімет «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасымен бірлесіп бір ай ішінде көп балалы аналарды микро- және шағын бизнеске жұмылдыратын, соның ішінде үй жағдайында кәсіппен айналысатындарды да қамтитын арнайы бағдарлама әзірлеуі қажет.

АлтыншыЕліміздің зейнетақы жүйесін дамыту саласына ерекше тоқталғым келеді. Мұнда да қордаланып қалған мәселелер жеткілікті.

Қазіргі кезде зейнетақы жинағының жетіспеушілігі онша сезілмейді. Алайда, 10 жылдан кейін жағдай өзгеруі мүмкін. Жұмыс істеп, зейнетақы қорын толықтырып жатқан азаматтар саны азаяды. Ал, зейнеткерлер саны арта түседі.

Бұл ретте, зейнетақы активінен түсетін инвестициялық табыс пен жинақ деңгейі төмен болып қала бермек.

Сондықтан Үкімет Ұлттық банкпен бірлесіп, зейнетақы жүйесінің тиімділігін арттыру үшін нақты жұмыс жүргізуі керек.

Қазір жұмыс істеп жүрген адам өзінің зейнетақы жинағын тек зейнетке шыққаннан соң ғана пайдалана алады.

Бірақ олардың бұл қаражатты зейнетке шыққанға дейін пайдаланғысы келетіні түсінікті жағдай.

Жұмыс істейтін азаматтар өздерінің зейнетақы жинағының бір бөлігін белгілі бір мақсатқа, соның ішінде баспана сатып алуға немесе білім алу үшін пайдалану мәселесін жыл соңына дейін пысықтауды Үкіметке тапсырамын.

Шығындарды оңтайландыру және активтерді инвестициялық басқару сапасын жақсарту мақсатымен Үкіметке ортақ әлеуметтік қор құру және бірыңғай әлеуметтік төлем енгізу арқылы әлеуметтік қамсыздандырудың бюджеттен тыс жүйесін жұмылдыру мәселесін пысықтауды тапсырамын.

V. ҚУАТТЫ ӨҢІРЛЕР – ҚУАТТЫ ЕЛ.

Бұл бағытта мынадай міндеттерге баса мән беру керек.

Бірінші. Жергілікті билік органдары жұмысының тиімділігін арттыру.

Жергілікті билік тұрғындар үшін әрдайым ашық болуы тиіс. Бұл аксиома әлі де бүгінгі күннің шындығына айналмай отыр.

Пилоттық жоба ретінде тұрғындар тарапынан жергілікті билік жұмысының тиімділігін бағалау жүйесіненгізу қажет деп санаймын.

Мысалы, егер сауалнама немесе онлайн-дауыс беру нәтижесінде тұрғындардың 30 пайызынан астамықала немесе ауыл әкімінің жұмысын тиімсіз деп есептесе, бұл Президент Әкімшілігінің арнайы комиссия құрып, туындаған мәселені зерттеуіне және тиісті ұсыным енгізуіне негіз бола алады.

Екінші. Бюджетаралық қатынастар жүйесін реформалау.

Бюджетаралық қатынастардың қазіргі жүйесі түрлі деңгейдегі әкімдіктерді жергілікті дамудың негізгі көздерін, яғни шағын және орта бизнесті өркендетуге ынталандыра алмай отырғаны анық. Өңірлер қосымша табыс көзін іздестіруге құлықсыз.

Келесі жылдан бастап шағын және орта бизнестен түсетін қосымша салық түсімдері өңірлердің құзыретіне берілетін болады.

Бірақ бұл да жеткіліксіз. Бюджет үдерісінің барлық деңгейде ұйымдастырылуын қайта қарастыруқажеттігі туындап отыр. Жергілікті  бюджетті қалыптастыруға халықтың белсене атсалысуы бұл істе үлкен рөл атқаруы тиіс.

Аудандық, қалалық және ауылдық деңгейдегі билік жергілікті маңызы бар міндеттерді шешу барысында экономикалық тұрғыдан мейлінше дербес болуы тиіс. Олардың құқықтары, міндеттері мен жауапкершілігі заңнамалық актілерде нақты белгіленуі керек.

Үшінші. Басқарылатын урбанизация және бірыңғай тұрғын үй саясаты.

Бұған дейін қабылданған «Қазақстан Республикасы астанасының мәртебесі туралы» және «Алматы қаласының ерекше мәртебесі туралы» заңдар өзінің тиімділігін көрсетті. Бірақ, бүгінде бұл заңдарды жетілдіру қажет.

Ең ірі үш қала әкімдіктерінің құзыретін, соның ішінде қала құрылысы саясаты, көлік инфрақұрылымы, қала сәулетін қалыптастыру саласындағы құзыреттерін кеңейту керек.

Республикалық маңызы бар қалалардағы халық санының көптігі қазіргі кезде мақтанарлық жағдай емес, керісінше тұрғындардың әлеуметтік-экономикалық қажеттіліктерін толық қамтамасыз ету тұрғысынан алаңдаушылыққа негіз болып отыр.

Ірі қалалардың тұрғындары көбейіп келе жатқаны байқалады. Сонымен қатар, жаңа тұрғындарға қолайлы жағдай жасалған Павлодар және Петропавл сынды қалаларда адамдар мен еңбек ресурстарының тапшылығы бар.

Үкімет көші-қон үдерісін басқару үшін пәрменді шаралар қабылдауы тиіс.

Мен сайлау алдындағы бағдарламамда бірыңғай тұрғын үй саясатын әзірлеу қажеттігін айтқан болатынмын.

Негізгі қағидат – тұрғындар, әсіресе, әлеуметтік тұрғыдан әлсіз топтар үшін баспананың қолжетімділігін арттыру.

Үкімет жүйесіз бағдарламалар қабылдау тәжірибесін тоқтатып, тұрғын үй саясатын жетілдірудің бірыңғай моделін әзірлеуі қажет.

Мәселен, бастапқыда әлеуметтік мүддеге орайластырылған «7-20-25» бағдарламасы аясында қарыз алушының отбасылық табысы орташа есеппен айына 320 мың теңгені құрауы тиіс. Табысы аз адамдар  бұған қатыса алмай отыр.

Сондықтан биыл Елбасының бастамасы бойынша 2 пайыздық жеңілдетілген мөлшерлемемен, пайыздық алғашқы жарнасы 10 пайыз болатын жаңа «Бақытты Отбасы» бағдарламасы іске қосылды. Бұл – өте тиімді жеңілдік.

Жыл соңына дейін бұл бағдарлама бойынша кем дегенде 6 мың отбасы баспанамен қамтамасыз етіледі. Бірінші кезекте, көпбалалы және мүгедек балалар тәрбиелеп отырған отбасылар қамтылатын болады. 2020 жылдан бастап жыл сайын осындай 10 мың отбасы баспанамен қамтылады.

Үкімет бағдарламаға қатысуға арналған айқын критерийлер белгілеп, оны қатаң әкімшілендіруді қамтамасыз етуі керек. Шын мәнінде көмекке мұқтаж жандарға ғана қолдау көрсетілуі тиіс.

Менің Үкіметке тапсырмам – кезекте тұрған аз қамтылған көп балалы отбасыларға баспана беру мәселесін үш жыл ішінде шешу керек. Бүгінде олардың саны 30 мыңға жуық.  

Баспана сатып алуға жағдайы жоқ азаматтарға әлеуметтік жалға алу тәртібімен қоныстану үшін мүмкіндік беру қажет.

Мемлекет 2022 жылға қарай осы мақсаттарға сәйкес 240 миллиард теңгеден астам қаражат бөледі.

Жеке бизнесті осы жұмыстарға тарту үшін жаңа шаралар қабылдап, мемлекет-жекеменшік әріптестік тетіктерін жұмылдырған жөн.

Азаматтар әкімдік беретін әлеуметтік пәтерлерге кезекке тұру және оның жылжу үдерісінің ашық болмай отырғанына наразы.

Үкімет жыл соңына дейін жалдамалы пәтерлерге, сондай-ақ «Бақытты отбасы» бағдарламасы бойынша жеңілдетілген баспана заемын алуға кезекте тұрғандарды есепке алудың ұлттық бірыңғай жүйесінқұруы керек.

Коммуналдық желілердің тозуы 65 пайыздан 57 пайызға төмендегеніне қарамастан, бұл көрсеткіш жоғары болып отыр.

Бұдан бөлек, көп пәтерлі 78 мың үйдің 18 мыңнан астамы жөндеуді қажет етеді.

Өңірлерге тұрғын үй қорын жаңғырту және жөндеу үшін екі жыл ішінде бюджеттік несие түрінде 30 миллиард теңгеден астам қаражат бөлу керек.

Үкіметке осы тетікті енгізу мүмкіндігін қарастырып, қаражаттың тиімді игерілуін қатаң бақылауға алуды тапсырамын.

2022 жылға қарай өңірлерді дамыту бюджеті 800 миллиард теңгеден асып кетеді.

Әкімдерге жергілікті мәслихаттармен бірігіп, осы қаражаттың жартысын тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығын жаңғырту ісін бірлесе қаржыландыруға және өңір тұрғындарының өзекті әлеуметтік мәселелерін шешуге  бағыттауды қамтамасыз етуді тапсырамын.

Төртінші. Инфрақұрылымды дамыту.

Еліміздің әр аймағының тұрғындарының таза ауыз суға, табиғи газға, көлік инфрақұрылымына қол жеткізу деңгейі біркелкі емес екені белгілі.

Осы теңсіздікті жою үшін жұмысты жандандыру қажет.

Елбасының тапсырмасы бойынша «Сарыарқа» газ құбырының магистралды желісінің бірінші кезектегі құрылысы аяқталып келеді.

Келесі жылы Нұр-Сұлтан қаласында және Қарағанды, содан соң Ақмола мен Солтүстік Қазақстан облыстарында тарату желілерін салу жұмыстары басталады.

Мемлекет осы мақсатқа сәйкес 56 миллиард теңге бөліп отыр. Нәтижесінде 2,7 миллионнан астам адам табиғи газбен қамтамасыз етілетін болады.

Алдағы үш жыл ішінде тұрғындарды таза ауыз сумен және су жеткізумен  қамтамасыз етуге шамамен 250 миллиард теңге бөлінеді.

Атқарушы билік органдары «Нұрлы жол» бағдарламасын толық және сапалы іске асыруға баса мән беруі керек.

Бұл – стратегиялық жоба. Соның арқасында бүкіл көлік инфрақұрылымы жаңғыртылады.

Осы мақсатқа орай, мемлекет 2022 жылға дейін 1,2 триллион теңгеден астам инвестиция салады.

Үкімет бұған дейін де көп қаражат бөлген болатын, бірақ оның көбі құмға сіңген судай жоқ болып кетті. Ашығын айтсақ, шенеуніктердің қалтасына кетті, ал таза су, жол және басқа да инфрақұрылымның жағдайы әлі де сол күйінде.

Бұл жолы Үкімет пен Парламент Есеп комитетімен бірлесіп, бюджет қаражатын толығымен тиімді пайдалануды қамтамасыз етуі тиіс.

Үкімет экологияны жақсарту, жаңартылатын энергия көздерін пайдалануды кеңейту, қоршаған ортаны сақтау ісін дәріптеу жұмыстарын жандандыруы керек. Осы орайда «Бірге – Таза Қазақстан» науқаны – қолдауға тұрарлық жоба. Бұл жұмысты жалғастыру керек.

Парламент Экологиялық кодекстің жаңа редакциясын талқылап, қабылдауы қажет.

Жалпы, Үкімет алдағы кезеңде жұмыстың тиімділігін арттыруы тиіс. Халық нақты нәтиже күтіп отыр.

Құрметті отандастар!

Біз елімізді реформалаудың жаңа кезеңіне қадам бастық. Осы маңызды міндеттерді сапалы орындауымыз керек.

Еліміздің әрбір тұрғыны оң өзгерісті сезінуі тиіс. 

Мен мемлекеттік органдардан жұмысты жедел атқарып, нақты нәтижеге қол жеткізуді талап етемін.

Реформаны тек реформа үшін жүргізуге жол берілмейді.

Әрбір министрде және әкімде нәтижелі жұмыстың негізгі көрсеткіштерінің тізімі болуы тиіс.

Сол арқылы олардың нақты мақсатқа қол жеткізу деңгейі анықталады. 

Үкімет мүшелеріне, мемлекеттік органдар мен өңірлердің, мемлекеттік компаниялардың және мекемелердің басшыларына тиісті реформаның жүзеге асырылуы үшін дербес жауапкершілік жүктеледі.

Осыған байланысты, жақында тиісті Жарлыққа қол қойдым. Бұл Жарлықтың аясында елдегі ахуал, соның ішінде аймақтардағы халықтың жағдайы сауалнама негізінде нақты бағаланатын болады.

Үкіметтің әлеуметтік және экономикалық саясатқа жауапты құрылымдары қоғамның қажеттіліктеріне сәйкес алдын-ала нақты жұмыс жүргізуі қажет. Бұл үшін бақылау, талдау және болжау жүйесін неғұрлым  күшейту керек.

Сондықтан депутаттарымыздың өтінішіне орай Парламент жанынан Заңнаманы зерделеу және сараптау институтын құру жөнінде тапсырма беремін.

Аталған құрылым заңдарымыздың сапасын арттыруға ықпал етуі тиіс.

Қадірлі қазақстандықтар!

Халқымызды толғандыратын барлық мәселелер бізге белгілі.

Осыған орай, ахуалды жақсарту үшін іс-қимыл жоспары әзірленіп жатыр. 

Бізге зор жауапкершілік жүктеліп отыр.

Мен ел тағдырына жаны ашитын әрбір азаматқа зор сенім артамын.

Қазақстан – ортақ шаңырағымыз!

Мен бәріңізді мерейлі мекенімізді өркендетуге үлес қосуға шақырамын!

Сындарлы қоғамдық диалог – татулық пен тұрақтылық негізі.

Ұлы Абай өзінің алтыншы қара сөзінде «Бірлік – ақылға бірлік» дегенін білесіздер.

Елбасымыздың «Ел бірлігі – ең асыл қасиет» деген қанатты сөзі – біздің айнымас қағидамыз.

Береке мен бірлік, ақыл мен парасат халқымызды үнемі алға бастап келеді.

Бағытымыз – айқын, жолымыз – ашық.

Бәріміз бірге болсақ, еліміз бұдан да зор жетістікке жетеді деп сенемін!

Баршаңызға амандық, табыс тілеймін!

 

 

Call cent

 

gossymbols
Мемлекеттік рәміздері

 

 

poslanie
Президент Жолдауы

 

 

balalar zhyly
Балалар жылы - 2022

 

 

mangelik
"Мәңгілік ел"

 

 

ruhany
"Рухани жангыру"

 

 

banner111kz